2025 жылғы 3 шілде күні Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының қызметкерлері Жамбыл ауданына қарасты Үмбетәлі ауылына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ауылдағы электр желілерінің қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері талқыланды.
Басқарма өкілдері жергілікті әкімдікпен және жауапты мекемелермен бірлесіп, электрмен жабдықтау инфрақұрылымына кешенді талдау жүргізді. Ауыл тұрғындары көтерген басты мәселелердің қатарында ескі желілердің тозуы, қуаттың жеткіліксіздігі және жиі орын алатын электр үзілістері болды.
Сала мамандары электр желілерінің техникалық жай-күйін көзбен шолып, алдағы уақытта жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатта жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу, қаржыландыру көздерін қарастыру және тиісті жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда.
Алматы облысы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшылығы ауылдық елді мекендерді сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету – өңірдің дамуы үшін маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.