Алматы облысының энергетика және жылумен қамту бөлімінің басшысы Әділет Ержан кәсіпкерлік субъектілері мен "Аудандық пайдалану бөлімі" өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – электрмен қамту мәселелерін талқылап, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты жедел шешімдер қабылдау.
Кездесу барысында кәсіпкерлер электр желісіне қосылудағы қиындықтар, кернеудің тұрақсыздығы, техникалық шарттарды алу мерзімінің ұзақтығы сынды өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, қазіргі инфрақұрылымды жаңарту және қосылу рәсімдерінің ашықтығын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде "Аудандық пайдалану бөлімі" өкілдері техникалық және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар мәселелерге түсініктеме беріп, кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.
Әділет Ержан өңірдің сенімді электрмен қамтылуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау – бөлімнің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұратынын және энергетика саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша айтылған мәселелерге байланысты нақты шаралар қабылданып, әрбір өтініш бойынша жеке жұмыс жүргізілетін болды.