Талғар ауданындағы ауызсу жүйесін дамыту бағыттары талқыланды

Талғар ауданындағы ауызсу жүйесін дамыту бағыттары талқыланды

Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Талғар ауданындағы су жүйесін дамыту бойынша негізгі жұмыс бағыттары таныстырылды. Кеңесте облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков сөз сөйлеп, өңірде іске асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайлы кеңінен баяндады.

Басқарма мәліметінше, қазіргі таңда Талғар ауданына қарасты 46 елді мекеннің 45-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ауызсумен қамту деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Бұл – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жетістік.

2024 жылдан бастап Бесагаш, Кіші Байсерке және Ақдала ауылдарында су құбыры жүйесін тарту жұмыстары басталды. Жаңа су желілерінің жалпы ұзындығы 83 шақырымды құрайды. Бұл жобалар толық аяқталғаннан кейін шамамен 31 мың тұрғын орталықтандырылған таза ауызсуға қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде елді мекендердегі өмір сүру сапасын және санитарлық қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, Бесқайнар ауылында ұңғыма бұрғылау және Рысқұлов ауылында сумен жабдықтау жүйесін салу жобалары әзірленіп, іске асырыла бастады. Бесқайнар ауылындағы құрылыс жұмыстарының құны – 430,8 млн теңге. Ал Рысқұлов ауылындағы жобаның құны – 1 млрд 758 млн теңге. Аталған жобалар нәтижесінде қосымша 5 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады.

Кеңес барысында Бесагаш пен Кіші Байсерке ауылдарындағы сумен қамту мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл елді мекендердегі жағдайды жедел шешудің қажеттілігі атап өтілді.

Барлық жоспарланған жобалар іске асқаннан кейін су құбыры желілерінің тозу деңгейі 90 пайыздан 65 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұл көрсеткіш аудан бойынша су жүйесінің сенімділігін арттырып, 12 елді мекендегі 125 мың тұрғынды тұрақты ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Талғар қаласында су құбыры желілерін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жобалары әзірленуде. Жобалар төрт кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, Төңкеріс, Қайнар, Қызыл Ту, Тұздыбастау, Жаңалық, Панфилов, Қарабұлақ және Еңбекші ауылдарында жаңа су жүйелерін салу жобалары да дайындалуда.

Бұдан бөлек, Талғар қаласы мен Қарабұлақ ауылында бас су алғыш құрылғы мен тазарту нысандарын, сондай-ақ кәріз жүйелерін салу жобаларына баса назар аударылып отыр. Бұл шаралар ауданның су инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға бағытталған.

Осылайша, қабылданып жатқан шаралар Талғар ауданында ауызсумен қамту саласын жүйелі түрде жаңғырту мен дамыту жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Әрбір елді мекенге жеке назар аудару, ауқымды жобаларды іске асыру және нақты мәселелерді шешу – өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен үлес қоспақ.