
Қазіргі таңда жүргізушілер мен жолаушылар автомобильмен немесе қоғамдық көлікпен жүрген кезде жол бойындағы билбордтар мен жарнамаларды жиі көреді. Сыртқы жарнама – тауарлар мен қызметтерді ілгерілетудің және бизнеске назар аудартудың тиімді құралы болып табылады. Алайда оны орналастыру белгіленген заң талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасында бұл сала «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңы және өзге де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Атап айтқанда, автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібі 2019 жылғы 6 маусымдағы №371 бұйрықпен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Еңбекшіқазақ ауданында автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы жарнама объектілерін орналастыруды келісуді «Еңбекшіқазақ ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ жүзеге асырады.
Жарнама орналастыруға рұқсат алу үшін жеке және заңды тұлғалар электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беруі қажет. Бұл қызмет «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетіледі. Өтініште жолдың атауы, орналасқан мекенжайы, жарнама нысанының өлшемдері көрсетіліп, эскиздің электрондық көшірмесі қоса берілуі тиіс.
Портал тәулік бойы жұмыс істейді, тек техникалық үзілістерді қоспағанда. Егер өтініш жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін немесе демалыс және мереке күндері берілсе, ол келесі жұмыс күні қаралады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – 5 жұмыс күні. Рұқсат облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы жарнама орналастыру үшін 1 жыл мерзімге беріледі.
Жарнама объектілерін тиісті рұқсатсыз орналастыруға жол берілмейді. Заң талаптарын бұзған жағдайда мұндай нысандар мәжбүрлі түрде алынып тасталады және жауапты тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Қосымша ақпарат алу үшін «Еңбекшіқазақ ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-не мына мекенжай бойынша хабарласуға болады: Алматы облысы, Есік қаласы, Жамбыл даңғылы, 21А.