Шетелдік БАҚ өкілдері Қазақстандағы мемлекеттік қызмет көрсету тәжірибесімен танысты
Digital Bridge 2025 халықаралық IT-форумы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жақын және алыс шетелден келген журналистер үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығында қонақтар Қазақстанның мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы тәжірибесін және енгізіліп жатқан цифрлық шешімдерді зерттеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қонақтарға қызмет көрсету бөлімінің жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып, азаматтардың ыңғайлылығы үшін енгізіліп жатқан заманауи шешімдерді таныстырды.
Журналистерге «ХҚКО» мобильді қосымшасы мен «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер процесі көрсетілді. Шетелдік қонақтар жоғары автоматтандыру деңгейін, интерфейстердің ыңғайлылығын және қызмет алу жылдамдығын атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электрондық форматта қолжетімді. Бұл – цифрлық трансформацияның маңызды нәтижесі, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және Қазақстандағы цифрландырудың тұрақты дамуын дәлелдейді. Біз бұдан әрі де инновациялық шешімдерді енгізіп, процестерді жетілдіруді жалғастырамыз, осылайша қызметтер заманауи талаптар мен азаматтардың күткен деңгейіне сай болмақ», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.
Мобильді қосымшаның инновациялық сервистері де үлкен қызығушылық тудырды: кеңес алу үшін бейнеқоңыраулар, әлеуметтік төлемдерді есептеу калькуляторы, автокөлік тарихын тексеру және сатып алу-сату шартын тікелей смартфон арқылы рәсімдеу.
Құжаттандыру терминалдары да ерекше назар аударды. Азаматтар осы құрылғылардың көмегімен бірнеше минут ішінде паспорт немесе жеке куәлікке өтініш бере алады.
Сондай-ақ делегацияға интернетке қосылған компьютерлермен жабдықталған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы таныстырылды. Мұнда арнайы жабдығы жоқ азаматтар мемлекеттік қызметтерді Госкорпорация қызметкерлерінің қатысуынсыз электронды форматта өз бетінше ала алады.
Сапар қорытындысы бойынша шетелдік БАҚ өкілдері ХҚКО жұмысының ұйымдастырылуын жоғары бағалап, Қазақстан тәжірибесі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында басқа елдер үшін үлгі бола алатынын атап өтті.
Айта кетейік, баспасөз туры Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумын жариялау аясында өтті. Іс-шараға Оңтүстік Корея, Таиланд, Қытай, Малайзия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан және Беларусь журналистері қатысты.