Алматы облысында асық ату мен бес асықтан чемпионат өтуде

Алматы облысында асық ату мен бес асықтан чемпионат өтуде

Алматы облысында ұлттық спорт түрлерінен – асық ату мен бес асықтан облыстық чемпионат өтіп жатыр. Жарысқа 2005–2008 жылдары туған, облыс аудандары мен Қонаев қаласынан келген 70-тен астам жасөспірім ұлдар мен қыздар қатысуда.

Ұлдар асық атудан бақ сынаса, қыздар бес асықтан өз шеберліктерін көрсетуде. Асық ату — дәлдік пен ептілікті қажет ететін ұлттық ойын, мұнда ойыншы белгілі бір қашықтықтан өз асығымен қатар қойылған асықтарды атып түсіреді. Ал бес асық – қол икемділігі мен зейінді талап ететін ойын.

Аймақтың бас жаттықтырушысы Еркін Рақымбаевтың айтуынша, қазіргі таңда бұл ойындар тек көңіл көтеру құралы емес, нағыз кәсіби спортқа айналған. «Бұл чемпионат – жай ғана жарыс емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, халқымыздың бай тарихынан сыр шертетін рухани құндылықтың жалғасы. Бүгінде облысымызда 1000-нан астам бала мен ересек осы ойындармен шұғылданады», – дейді жаттықтырушы.

Облыстық деңгейдегі жарыстарда үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген командалар қатарында Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар және Жамбыл аудандарының спортшылары бар. Аталған өңірлерде ұлттық ойындар жақсы дамыған.

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған спортшылар 18–23 тамыз аралығында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады.