Алматы облысында көп балалы ана үшемдерді дүниеге әкелді

Алматы облысында көп балалы ана үшемдерді дүниеге әкелді

Жамбыл ауданында екі қыз және бір ұл дүние есігін ашты. Көп балалы 33 жастағы ана үш баланы бірден жүрегінің астына алып жүргенін жүктіліктің ерте мерзімінде білген. Сәбилер мерзімінен бұрын, 32 аптада дүниеге келді. Дәрігерлер ананы жоспарлы кесір тілігіне алған.

«Балалар 2170, 1490, 1900 грамм салмақпен дүниеге келді. Алғашқы күндері олардың жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратында болды. Акушер-гинекологтар мен медбикелердің бақылауымен үш аптаның ішінде жаңа туған нәрестелердің әрқайсысы 300-ден 700 грамға дейін салмақ қосты», – дейді акушер Гүлжахан Сыздыққызы.

Бақытты ата-ана Шолпан Мамашева мен Жарқын Бағлаев қыздарына Дильназ және Гүлназ есімдерін таңдап, ұл балаға Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылының әкімі құрметіне Темірлан есімін беруді жөн көрген.

«Мен екінші рет үшемді дүниеге әкелдім. 2020 жылы табиғи жолмен босандым. Бірақ менің және балаларымның жағдайы өте ауыр болды, дәрігерлер бір ғана баланы аман алып қалды. Бұл жолы мұқият дайындалып, білікті дәрігерлерді таңдап, алдын ала барлық қажетті процедуралардан өттім. 32 аптада Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасына жатқызылып, жоспарлы түрде кесір тілігімен босандым. Сәбилер шала туылғандықтан, олардың жағдайы ауыр болды. Бірақ мен дәрігерлерге сеніп, кішкентай періштелеріммен кездесуді күттім. Қазір босанғаннан кейінгі үшінші аптада мен балаларыммен қуана қауыштым. Мен қазір сегіз баланың анасымын, – дейді қуанышпен Шолпан Мамашева.

Айта кету керек, 2023 жылы Алматы облысында 26 825 бала дүниеге келсе, оның 233-і егіз, бір рет үшем дүниеге келді.