Жетісуда 600-ден астам аз қамтылған және көп балалы отбасы баспанамен қамтылады

Жетісуда 600-ден астам аз қамтылған және көп балалы отбасы баспанамен қамтылады

Облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті XXXXVII сессиясында биыл 600-ден астам аз қамтылған және көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отырғаны белгілі болды. Отырыс барысында облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 13 желтоқсандағы № 38-211 "Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы"шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Сондай-ақ, Алматы облысының 2018 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы есептер тыңдалды. Облыстың бірқатар комиссияларының құрамы бекітілді, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы сайланды.

Сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы шешімнің жобасын ұсынды. Мектептерді күрделі жөндеу, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру, жарықтандыру, тұрғын үй салу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, газдандыру, облыстық маңызы бар жолдарды орташа және күрделі жөндеу жобаларына, сондай – ақ "Ауыл-ел бесігі"бағдарламасы бойынша жобаларға ерекше назар аударылды. Аталып өткендей, енгізілген және қаралып отырған өзгерістерді есепке ала отырып, облыс бюджеті 514,6 миллиард теңгені құрады. Жомарт Әмірхановтың айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да маңызды салаларға көп көңіл бөлінеді, өйткені облыс бюджетінің кіріс бөлігі 7 миллиард теңгеге өсіп, республикалық бюджеттен қосымша 39,8 миллиард теңге нысаналы трансферттер бөлінді. Ол сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жалғыз басты зейнеткерлер үшін улы газ датчиктерін сатып алуға, 7903 көп балалы отбасына мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ата-ана төлемақысын субсидиялауға және басқа да әлеуметтік қолдау түрлеріне қомақты қаражат бағытталғанын атап өтті.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Данияр Әлімбаев 2018 жылға арналған өңір бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есеп беріп, бюджеттің игерілуіне жан-жақты талдау жасады. Өңір басшысы көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетілетінін хабарлап, отырысты қорытындылады. "Nur Otan партиясының XVIII съезінде қабылданған жаңа бағдарлама негізінде біз көп балалы аналарға көмек көрсету мақсатында облыстық бюджетті қайта қарадық. Республикалық бюджеттен қосымша нысаналы трансферттер бөлінді. Осыған байланысты біз тұрғын үй санын арттыруға тиіспіз. Көпбалалы отбасылардың санына назар аудара отырып, құрылысты облыс орталығынан бастаймыз. Осы жылы біз 600-ден астам аз қамтылған және көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері меценаттардың көмегімен 60 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Біз атқарушы орган тарапынан жүйелі жұмысты орындай отырып, тұрғын үй мәселесін шешуге тиіспіз. Аудандар мен қалалардың барлық әкімдері осыны есте сақтап, осы бағытта жұмыс істеуі тиіс", - деп түйіндеді ол. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасымен облыстың жеті аудан орталығы қамтылды. Бағдарлама қорытындысы бойынша аудан орталықтарында спорт, білім беру, денсаулық сақтау нысандары салынады, сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау жүйелері құрылады.