
Спорт — татулық жаршысы: Алматы облысында діни бірлестіктер арасында футбол турнирі өтті
Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған дәстүрлі шағын футбол турнирі биыл да өз жалғасын тапты. Шараның негізгі мақсаты қоғамдағы дінаралық келісімді тек ресми жиындармен шектемей, бейресми ортадағы шынайы қарым-қатынас пен спорт арқылы нақты іс жүзінде нығайту болды.
Жасыл алаңда исламдық, православтық, методистік, пресвитериандық және баптистік қауымдастықтардан келген 7 команда бақ сынады. Ойын барысында қатысушылар жоғары спорттық дайындықпен қатар, бір-біріне деген құрмет пен сыйластықты көрсете білді.
Тартысты ойын қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
🔷 1-орын: Іле аудандық мешіті жамағатының командасы
🔷 2-орын: Бәйтерек ауылдық мешіті жамағатының командасы
🔷 3-орын: Успен храмының православтық діндар жамағатының командасы
Жарыс жеңімпаздары мен белсенді ұжымдарға дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Турнир аяқталған соң, барлық қатысушылар арнайы жайылған мерекелік дастархан басында бас қосып, еркін форматта пікір алмасты.
Бұл шара спорттың адамдарды жақындастырып, өзара түсіністік пен бірлікті қалыптастыратын маңызды құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.