Рухани қауіпсіздік - басты назарда: Алматы облысында діни экстремизмнің алдын алу бойынша мамандарға арналған семинар өтті

Рухани қауіпсіздік - басты назарда: Алматы облысында діни экстремизмнің алдын алу бойынша мамандарға арналған семинар өтті

Алматы облысында діни экстремизмнің алдын алу бағытында қызмет етіп жүрген мамандарға арналған бір күндік оқыту семинары өтті.
Жиын басында облыстық Дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке қазіргі жаһандық сын-қатерлер тұсында қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау ісі мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті. Шараның басты мақсаты – халық алдында сөз сөйлейтін сарапшыларды заманауи әдіс-тәсілдермен қаруландыру.
Халықпен жұмыс істеу – жалаң сөзбен емес, адамның жүрегіне жол таба білу өнері. Семинарда меңгерілген психологиялық және рухани дағдылар мамандарға кез келген ортада шынайы әрі сенімді диалог орнатуға көмектеседі. Енді олар жастар мен қарапайым жұмысшылардың, дәрігерлер мен ұстаздардың, тәртіп сақшылары мен әскерилердің көкейіндегі сұрақтарға дөп түсе алады.
Сонымен қатар, бұл білім әлеуметтік осал топтарға, жұмыссыздар мен еңбек мигранттарына, қандастар мен діндар қауымға, тіпті жазасын өтеп жатқан азаматтарға рухани демеу болып, діни ұғымдардың бұрмалануына тосқауыл қояды және адасқан жандарды тура жолға бастауға септігін тигізеді.