
Ағымдағы жылғы 20 қараша күні Алматы облысы діни бірлестіктердің өкілдері мен жамағаттары арасында өтетін үстел теннисі турнирі өтті.
Алматы облысы Дін істері басқармасының тапсырысымен Діни бірлестіктер көшбасшылары клубы аясында «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қорымен ұйымдастырылған турнирге исламдық, православтық, католиктік, елуіншілік, методистік және кришнаиттік конфессиялардың өкілдері қатысты.
Барлығы 33 қатысушы бір алаңда бас қосып, конфессияаралық өзара құрмет пен ашық диалогтың жарқын үлгісін көрсетті.
Турнирдің негізгі мақсаты — дінаралық татулықты нығайту, түрлі конфессия өкілдерінің арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру және қоғамдық келісімді спорт арқылы бекемдей түсу. Ойын барысында қатысушылар еркін әңгімелесіп, жаңа таныстық орнатып, достық атмосферасында бір-біріне жақындай түсті.
Сайыс тартысты өтті. Әрбір партияда ойыншылардың белсенділігімен қатар, өзара қолдауы мен сыйластығы айқын сезілді. Жарыс қорытындысында үздік шыққан жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталса, өзге қатысушыларға алғыс хаттар ұсынылды.
Бұл турнир спорттық жарыс шеңберінен шығып, конфессияаралық татулықтың, мәдени диалогтың және өзара түсіністіктің тағы бір маңызды қадамына айналды.