Жеңіс күні қарсаңында ардагермен кездесу

Жеңіс күні қарсаңында ардагермен кездесу

Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Әбілхасымұлы Сүлейменов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында 104 жастағы ҰОС ардагері Оксана Демидовна Бетебаеваға барды. Ардагердің марапаттарының ішінде ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, Жуков медалі және басқа да көптеген мерейтойлық медальдар бар. Оксана Демидовна соғыс басталғанға дейін медициналық училищені бітіріп, Петрово-Роменск аудандық ауруханасында медбике болып жұмыс жасаған. 1941 жылы 20 жасында армия қатарына шақырылып, Полтава қаласындағы әскери госпитальда қызмет еткен. Соғыс кезінде жас медбике әскери офицер Бекежан Бетебаевпен танысып, тағдырларын қосты. Фашистік Германияны жеңгеннен кейін жас жұбайлар Қазақстанға келді. Офицер жұбайымен бірге Жаркент қаласына қызметке жіберіліп, Оксана Демидовна өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырды. Кейін отбасы Қапшағай, қазіргі Қонаев қаласына қоныс аударады.
Сүлейменов Ержан Әбілхасымұлы, Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Ертең Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Жеңіс күні – ауыр шайқастарда қол жеткізген мереке. Бүгін, мен, Оксана Демидовнаның әңгімесін ерекше ықыласпен тыңдадым. Майданда медицина қызметкері – медбике болған екен. Оның үстіне ғасырдан асқан жанды кездестіру өмірдегі кез келген адамға бұйыра бермейді. Ал бүгін бізге мүмкіндік берілді! Біздің міндетіміз – соғыс туралы тарихи шындықты сақтау, сол жылдардағы сұмдық қайталанбауы үшін оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Ешкім де ұмытылмайды! Ештеңе ұмытылмайды! Жеңіс мерейтойы қарсаңында баршамызға жеңімпаздар ұрпағын еске алуға лайық болуымызға тілектеспін».