Қазақстандықтардың сүйікті сусыны Алматы облысында өндірілетін болады

Қазақстандықтардың сүйікті сусыны Алматы облысында өндірілетін болады

Алматы облысында алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауыт салынады. Бұл туралы «ЖИГАЛМА» ЖШС-нің бас директоры Алмат Ахметов сұхбат барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа зауыт өндіріс көлемін ұлғайту мен технологиялық жабдықталуды арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Жоба өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтып, ел деңгейінде инвестициялық тартымдылығын арттырады.

«Жаңа зауыт заманауи автоматтандырылған құю желілерімен жабдықталады. Бұл бізге өнім ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, шырын қосылған сусындар, смузилер, премиум санаттағы газдалған сусындар және халықтың сүйікті “НАҒЫЗ Буратино” өндірісі жолға қойылады. Мұндай қадамдар тұтынушылардың өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандырумен қатар, отандық өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деді ол.

Зауыт құрылысы үшін орын таңдауға тоқталған Алмат Ахметов Алматы облысының таңдалуы кездейсоқ емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде бірқатар бәсекелестік артықшылықтар бар: тиімді логистикалық орналасуы, Алматы қаласына жақындығы, дамыған инфрақұрылымы және білікті кадрлардың болуы. Сонымен қатар, жобаның іске асуына жергілікті атқарушы органдардың белсенді қолдауы әсер еткенін жеткізді.

«Бастапқы кезеңнен-ақ біз жергілікті биліктің қызығушылығы мен ынтымақтастығын сезіндік. Жер телімін бөлу, инженерлік инфрақұрылымды тарту және келісу рәсімдерінен өту мәселелерінде қолдау көрсетілді. Әсіресе облыс әкімдігі, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Алматы облысының Өңірлік даму орталығының жұмысын ерекше атап өткіміз келеді. Біз өңірден көрген ашықтық пен қолдауды жоғары бағалаймыз. Бұл Алматы облысының дамуға бағытталғанын және жаңа инвесторларды тартуға дайын екенін көрсетеді», — деді Алмат Ахметов.

Сұхбат барысында Алмат Ахметов жаңа кәсіпорында шамамен 200 тұрақты жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді. Бұл ретте жұмысқа орналасуда жергілікті мамандарға басымдық беріледі. Компания өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған оқыту және тәжірибеден өткізу бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр.

«Адам капиталына инвестиция – орнықты дамудың ажырамас бөлігі деп білеміз. Білікті кадрларды даярлау зауыттың тиімді жұмысы мен алдағы ауқымын кеңейту үшін негіз болады», — деп атап өтті.

Компания өкілінің айтуынша, зауыттың іске қосылуы логистика, қаптама, техникалық қызмет көрсету және шикізат жеткізу сынды ілеспе салаларда мультипликативтік әсер береді. Сонымен қатар, кәсіпорын экспортқа бағытталған: алғашқы кезеңнің өзінде өнімнің 20 пайызы Өзбекстан мен Ресей сияқты көршілес елдерге жеткізіледі. Болашақта экспорт үлесі артып, Қазақстандағы алкогольсіз сусындар индустриясының дамуына айтарлықтай үлес қосады.

Сөз соңында Алмат Ахметов, компания Алматы облысын ұзақмерзімді стратегиялық аймақ ретінде қарастыратынын айтты. Қазіргі жобаны жүзеге асырғаннан кейін, компания қосымша өндіріс түрлерін іске қосуды, соның ішінде шикізатты өңдеу және қаптама өнімдерін шығару мүмкіндігін де қарастыруда. Бұл жергілікті экономиканың дамуына жаңа серпін беріп, өңірдің инвестициялық картасындағы орнын нығайта түседі.