Алматы облысында АИТВ-ға шалдыққан адамдардың 86% -ы ем қабылдайды

Алматы облысында АИТВ-ға шалдыққан адамдардың 86% -ы ем қабылдайды

Аталған инфекция бойынша өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың мамандары баяндады.
Мемлекеттік кәсіпорының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Самал Кожалимованың сөзінше, биылғы жылдың алғашқы төрт айында 109 адам анықталды. Анықталған 109 адамның 8,1% - 20-29 жасқа, 14,8% 30-39 жас арасында тіркелген.
«Облыста АИТВ жұқпасына қатысты эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Жалпы облыста бұл ауруға шалдыққан 2440 науқас диспансерлік есепте тұр. Оның ішінде 44-і 14 жасқа дейінгі бала»,-деді Самал Кожалимова.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда вирусты жұқтырғандардың жас шамасы 15 пен 49-ды құрайды. Статистикаға сүйенсек,әйелдер мен ерлер саны тең.
«АИТВ инфекциясы 3 түрлі жолмен жұғады. Қанмен немесе қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы және жүктілік кезінде анадан балаға беріледі. Вирус адам ағзасына түскеннен кейін бірден пайда болмайды. 3-6 айдан кейін ғана анықталады. Себебі, инвекция бірден клиникалық көрініс бермейді. Сондықтан адамдар өздерін жақсы сезініп жүре береді. АИТВ - ны тек қана қан тапсыру арқылы сараптама нәтижесінде анықтайды. Осы індеттен өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін барлық қорғану шараларын қабылдауымыз керек», - деді Ляззат Алмасбекқызы.
Айта кету керек, кез келген адам АИТВ-ны анықтау үшін құпия және ерікті түрде учаскелік емханаға немесе ЖИТС орталығына барып қан тапсыруына болады.