Тырысқақ – аса қауіпті жедел жұқпалы ауру!

Тырысқақ – аса қауіпті жедел жұқпалы ауру!

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының инфекционист-дәрігері Асқарова Нахилям Миргиястинқызының сөзіне сүйенсек, тырысқақ ауруы көбіне басқа елдерден дем алып келген немесе біздің елге қоныс аударған тасымалдаушырдан көбірек кездеседі. Жалпы, холера организмде су-тұзды және белоктық алмасудың бұзылуымен, сусыздануымен, токсикозбен, гастрэнтерит белгілерімен сипатталатын карантиндік инфекциялар тобына жататын өткір жұқпалы ауру. Аурудың негізгі көзі - ауру адам немесе вибриотасымалдаушы қоздырғышты сыртқы ортаға нәжіспен, кейде құсықпен де бөліп жүреді, бірақ өзі ауырмайды. Адам ағзасына ауру қоздырғышы ауыз арқылы енеді. Сонымен бірге науқаспен қарым-қатынаста болса, залалданған суды қолданса, ашық суларда шомылғанда, тағам өнімдері, қоздырғышпен зақымдалған ыдыс, кір қол арқылы жұғады.
Сонымен қатар, Нахилям Миргиястинқызы, аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 3-5 күнде пайда болатынын еске салады. Ауру жедел басталады, дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін, науқас жиі іш өтуіне, құса беруіне шағымданады. Қоздырғыш организмді уландыру жолымен асқазан-ішек жолдарының қорыту жұмысын бұзып, науқастың нәжісі иіссіз, түссіз сұйыққа айналады. Алғашқы тәулікте дәреттің жиілігі 5-10 рет, ал ауыр жағдайда одан да көп болады. Науқас көп сұйықтық жоғалтады, одан дене қызуы бірден төмендейді, денесі тырысып, буындары тартылады, жалпы әлсіздік дамиды, еріндерінің көгеруі байқалады, тынысы әлсіз және беткей дем алады. Науқастың жағдайы нашарлап, аузы құрғап, шөлдейді. Кейде аурудың бірінші күндерінде науқас өліп кетуі мүмкін. Тырысқақтың алдын алу мақсатында әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтауы керек. Жеміс-жидек пен көкөністерді тағамға қолданар алдында міндетті түрде жуу, қайнаған сумен шаю, суды және сүтті тек қайнатып ішу, тағам өнімдерін шыбындардан сақтау, тамақ ішер алдында және дәрет алғаннан кейін қолды сабынмен жуу керек. Тағам және сусындарды арнайы дүкендерден, таза, барлық санитарлық талаптар сақталған сауда орындарынан сатып алған абзал. Су көздерін әр түрлі ластанулардан сақтау керек.