Алматы облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған басым жобалар қаралды

Алматы облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған басым жобалар қаралды

Алматы облысында денсаулық сақтау саласын жаңғырту және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Қуаныш Бақытұлы Іле ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірқатар медициналық ұйымдардың қызметімен танысты. Іссапарға Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.

Жұмыс сапары барысында Іле аудандық орталық ауруханасы, Боралдай ауылдық аудандық ауруханасы, Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы және Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының қызметі зерделеніп, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған негізгі жобалар талқыланды.

Іле аудандық орталық ауруханасында емдеу процесін ұйымдастыру, материалдық-техникалық база және медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар 125 орындық жаңа перзентхана мен бір ауысымда 150 келушіге арналған әйелдер консультациясының құрылысын жүзеге асыру, аурухананы магниттік-резонанстық томография аппаратымен қамтамасыз ету және қабылдау бөлімін кеңейту жобалары пысықталды.

Өтеген батыр кентіндегі емхананың жұмысымен танысу барысында халық санының артуына байланысты медициналық мекеменің жүктемесі айтарлықтай өскені айтылды. Осыған орай емхана ғимаратын кеңейту және қосымша корпус салу мәселесі қарастырылды.

Боралдай ауылдық аудандық ауруханасында мекемені жаңғыртуға бағытталған бірқатар бастама талқыланды. Атап айтқанда, аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, 100–150 орындық жаңа стационар салу, Жайнақ ауылында дәрігерлік амбулатория ашу, медициналық жабдықтарды жаңарту, кадрлық әлеуетті нығайту және санитарлық автокөлік паркін жаңарту мәселелері көтерілді.

Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында балаларға көрсетілетін жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары таныстырылды. Жыл сайын мұнда 50 мыңға жуық пациентке медициналық көмек көрсетіліп, 10 мыңнан астам бала стационарлық ем алады, 5 мыңға жуық операция жасалады. Биыл аурухана ұлттық аккредиттеуден сәтті өтіп, реновация аясында телемедицина, симуляциялық және ситуациялық-талдау орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында онкологиялық және гематологиялық бағыттағы мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ клиниканың материалдық-техникалық әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған жоспарлар талқыланды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау нысандарын кезең-кезеңімен жаңғырту, жаңа медициналық инфрақұрылым қалыптастыру, материалдық-техникалық базаны күшейту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде нақты міндеттер айқындалды. Бұл жобаларды іске асыру Алматы облысында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырып, өңір тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.