
Елорда күні – 6 шілдеде республика бойынша медициналық ұйымдарда 448 сәби дүниеге келді. Олардың 223-і ұл, 225-і қыз. Мереке күні елімізде екі егіз сәби өмірге келді. Екі егіз де Астанада дүниеге туған.
Жаңа туған нәрестелердің ең көп саны Түркістан облысында тіркелді – мұнда 67 сәби дүниеге келді. Алматы қаласында 44 нәресте өмірге келсе, Шымкент қаласы мен Алматы облысында 40 сәбиден дүниеге келген.
Босандыру қызметін көрсететін медициналық ұйымдардың мамандары тәулік бойы жүкті әйелдердің қауіпсіз босануын қамтамасыз етіп, босану кезінде және жаңа туған нәрестелерге қажетті медициналық көмекті үздіксіз көрсетуде.
Барша ата-аналарды осындай айтулы күні дүниеге келген сәбилерінің өмірге келуімен шын жүректен құттықтаймыз! Нәрестелер мен олардың аналарына зор денсаулық, амандық, бақ-береке және бақытты болашақ тілейміз!