Алматы облысында HEALTH INVEST FORUM – 2026 аясында 124 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Алматы облысында HEALTH INVEST FORUM – 2026 аясында 124 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

Қонаев қаласындағы ASP Arena кешенінде HEALTH INVEST FORUM – 2026 халықаралық инвестициялық форумы өтті. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған форум денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту, медициналық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті нығайту бағытындағы маңызды алаңға айналды.

Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік инвесторлар, халықаралық медициналық және фармацевтикалық компаниялар, бизнес қауымдастықтар мен сарапшылар қатысты. Биылғы жиынға Германия, Израиль, Франция, Қытай бастаған әлемнің жеті елінен инвесторлар келіп, өңірдегі инвестициялық жобаларға қызығушылық танытты.

Форумның басты нәтижелерінің бірі – жалпы құны 124,285 миллиард теңгені құрайтын жеті меморандумға қол қойылуы болды. Қол жеткізілген келісімдер аясында Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ Қарасай ауданында заманауи емдеу мекемелері салынып, бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылады.

Айта кету керек, HEALTH INVEST FORUM өңірде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы форум нәтижесінде Алматы облысына 230 миллиард теңге инвестиция тартылып, қазіргі таңда үш ірі фармацевтикалық зауыт пен екі клиниканың құрылысы басталды. Болашақта фармацевтикалық кәсіпорындардың өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталмақ.

Форум барысында медициналық технологиялар көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы озық әзірлемелермен танысты. Сондай-ақ инвесторлар мен медициналық ұйымдар арасында жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін B2B кездесулер өтті.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов форумның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. HEALTH INVEST FORUM осы бағыттағы нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Бүгін қол қойылған келісімдер Алматы облысының денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа медициналық нысандар салуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жол ашады. Бұл – өңірдің медицина саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастамалар», – деді Ержан Сүлейменов.

Форум қорытындысы Алматы облысының денсаулық сақтау саласына халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетті. Жаңа жобалардың жүзеге асуы өңірдің медициналық әлеуетін арттырып, заманауи әрі қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға серпін береді.