
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру мәселелері бойынша Денсаулық сақтау басқармасы мен оған қарасты мекемелер қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетуге арналған жұмыс кеңесі өтті.
Іс-шараға Алматы облысындағы барлық медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түсетін азаматтардың өтініштерін уақытылы қарау, орындау мерзімдерін сақтап, кешіктіруге жол бермеу, сондай-ақ өтініш иелеріне жолданатын жауаптардың сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, жиын барысында ағымдағы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарда анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жоюға бағытталған нақты шаралар пысықталды.
Кеңесте түсіндірме жұмыстарын Алматы облысы әкімі аппараты азаматтардың өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің бас инспекторы Кулмира Жамалбекқызы Баянбаева жүргізді. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарын сақтау, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі, жауап беру мерзімдері мен сапасына қойылатын талаптар жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру, орындаушылық тәртіпті күшейту, жауапты мамандардың жауапкершілігін арттыру және өтініштерді қарау сапасын одан әрі жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, әрбір мемлекеттік органға келіп түскен өтініштерге тұрақты түрде талдау жүргізу, оларды заңнама талаптарына сәйкес мерзімінде әрі сапалы қарауды қамтамасыз ету жөнінде қосымша нұсқаулар берілді.