
Бүгін Қонаев қаласындағы Б. Соқпақбаев атындағы саябақта Халықаралық нашақорлыққа және есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Біздің таңдауымыз – денсаулық!» атты денсаулық фестивалі өтті.
Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, халықтың физикалық және психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі білім деңгейін арттыру, сондай-ақ тұрғындардың денсаулығын нығайту бағытында мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылын күшейту.
Фестиваль аясында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және құқық қорғау саласы мамандарының қатысуымен тақырыптық алаңдар мен кеңес беру аймақтары жұмыс істеді. Қатысушылар дәрігер-наркологтар мен психологтардың кеңесін алып, скринингтік тексерулерден және экспресс-тестілеуден өтті. Сонымен қатар, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыптарына арналған көрмелер мен ақпараттық материалдар ұсынылды.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов өз сөзінде мұндай шаралардың жастарды зиянды әдеттерден сақтандыруда және қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бүгінде нашақорлықтың алдын алу – денсаулық сақтау саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз жастарға дұрыс таңдау жасауға көмектесіп, олардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасауымыз қажет. Осындай фестивальдер халықтың денсаулық туралы ақпараттануын арттырып, зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің таңдауымыз – денсаулық, қауіпсіздік және жарқын болашақ», – деді Ержан Сүлейменов.
Іс-шара барысында жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетіп, спорттық белсенділіктер, интерактивті викториналар, мотивациялық кездесулер, емдік-еңбек шеберханалары өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ Алматы облысының шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.
Концерт барысында патриоттық бағыттағы музыкалық шығармалар орындалып, би ансамбльдерінің өнері көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар үшін жаппай сауықтыру жаттығуы өткізіліп, Наркотикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, салауатты өмір салты мен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында танымдық викторина ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.
Фестивальдің маңызды бөлігінің бірі – «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» атты символикалық акция болды. Мерекелік шара Алматы облыстық «Алатау әуендері» концерттік ұйымы әртістерінің қорытынды концертімен аяқталды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, медициналық ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер, жастар және өңір тұрғындары қатысты.