
Бүгін Қонаев қаласында жедел және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа модульдік медициналық пункттің ресми ашылуы өтті.
Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, төтенше жағдайларда әрекет ету уақытын қысқартуға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
Модульдік медициналық пункттің көлемі 2 × 2,5 метр болатын ықшам автономды нысан болып табылады. Құрылымы берік болат қаңқадан, жылу оқшаулағышы бар сэндвич-панельдерден жасалған. Сыртқы қаптамасы HPL-панельдерден немесе тот баспайтын болаттан орындалып, ұзақ мерзімді пайдалануға және климаттық жағдайларға төзімділікті қамтамасыз етеді.
Әрбір медициналық пункт алғашқы көмек көрсетуге қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған, оның ішінде дефибриллятор, жараны алғашқы хирургиялық өңдеуге арналған стерильді бикс, жедел коронарлық синдром кезінде көмек көрсетуге арналған жинақ, брезент көрпе және тот баспайтын болаттан жасалған кушетка бар.
Үздіксіз жұмыс істеу үшін үздіксіз қоректендіру көзі (UPS) қарастырылған. Сонымен қатар, нысандар түнгі уақытта қауіпсіздік пен көрінуді қамтамасыз ету үшін сыртқы прожекторлармен және жарық шағылыстыратын таспалармен жабдықталған.
Цифрлық технологиялар мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Медициналық пункттер 360° сыртқы бақылау камерасымен, SOS дабыл түймесімен, қашықтан басқарылатын телемедицина және ақпараттық дисплей жүйесімен, ішкі бейнекамерамен, сондай-ақ жедел жәрдем қызметіне тікелей байланыс жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, медициналық пунктті қашықтан ашу және басқару мүмкіндігі қарастырылған.
Жоба аясында аталған модульдік медициналық пункттер Алматы облысының бірқатар туристік және рекреациялық аумақтарына орнату жоспарлануда.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, бұл бастама өңірдегі жедел медициналық көмекті жаңа деңгейге көтереді.
«Бұл жоба – өңір үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Біз халыққа шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Ең маңыздысы – мұндай форматтағы модульдік жедел жәрдем пункттері республика деңгейінде алғаш рет дәл Алматы облысында іске қосылып отыр», – деді Ержан Сүлейменов.
Жобаны іске асыру халықты заманауи жедел көмек көрсету инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге, медициналық қызмет көрсету жылдамдығын арттыруға және өңірлік денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді.