Алматы облысында 602 мыңнан астам баланың денсаулығы бақылауда

Алматы облысында 602 мыңнан астам баланың денсаулығы бақылауда

Алматы облысында 602 мыңнан астам баланың денсаулығы тұрақты бақылауда. Бұл туралы Балаларды қорғаудың халықаралық күніне арналған брифингте Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы 4 айында әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамту көрсеткіші 46,7%-ға жетіп, жоспарланған межеден асты.

Қазіргі таңда облыста 13 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар, шала туған нәрестелерге сапалы көмек көрсету, жүкті әйелдер мен балаларға патронаждық бақылау жүргізу, ерте араласу орталықтарының жұмысын күшейту бағытында жүйелі шаралар қолға алынған.

«Балалардың денсаулығы — ел болашағының берік негізі. Сондықтан біз профилактикаға, ерте диагностикаға және сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуына ерекше мән береміз», — деді Лейла Серікбаева.

Брифинг барысында балалар арасында жиі кездесетін аурулар құрылымы, иммунопрофилактика, стоматологиялық көмекті дамыту және жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы да айтылды.

Сондай-ақ 25 мамыр мен 5 маусым аралығында облыста «Шекарасыз медицина», «Қауіпсіз жаз» акциялары, ашық есік күндері және шалғай ауылдарға жылжымалы медициналық кешендердің шығуы ұйымдастырылады.