Кохлеарлық имплант қайта естуге мүмкіндік берді

Кохлеарлық имплант қайта естуге мүмкіндік берді

Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханада менингококктық менингиттен кейін толықтай есту қабілетін жоғалтқан пациентке жоғары технологиялық кохлеарлық имплантация операциясы жасалды. Отадан кейін сөйлеу процессоры қосылып, ер адам алғашқы дыбыстарды ести бастаған. Бұл – есту қызметін қалпына келтіру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың есту қабілеті менингиттен кейінгі бір ай ішінде күрт төмендеп, екі құлақта да IV дәрежелі нейросенсорлық саңыраулыққа ұласқан. Мұндай жағдайда дәстүрлі есту аппараттары нәтиже бермейді.

Пациентке кешенді тексеру жүргізіліп, аудиометриялық зерттеу нәтижелері мен мультидисциплинарлық консилиум қорытындысы шұғыл хирургиялық араласу қажеттігін растаған.

Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүзеге асырылды. Бұл пациентке жоғары технологиялық медициналық көмекті қосымша қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік берген.

Жалпы наркоз арқылы заманауи кохлеарлық имплант орнатылып, операция барысында жүргізілген телеметрия жүйенің дұрыс әрі тұрақты жұмыс істейтінін көрсеткен. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, сөйлеу процессоры қосылған сәтте пациент алғашқы дыбыстарды ажырата бастаған.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, оториноларинголог дәрігер Асель Иманғалиева менингиттен кейін дер кезінде имплантация жасаудың маңызын ерекше атап өтті.

"Менингиттен кейін есту қабілеті жоғалған жағдайда уақытты жоғалтпау өте маңызды. Ұлу ішінде өзгерістер жүреді және бізде имплантация жасауға үлгеру керек болатын “алтын кезең” бар. Операция неғұрлым ерте жасалса, науқастың есту қабілетін толық қалпына келтіру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады", – деді дәрігер.

Мамандар менингит ауыр асқынуларға әкеліп, есту қабілетін төмендетеді. Сондықтан ауыра бастағанда дереу дәрігерге жүгіну қажет.

Қазіргі таңда кохлеарлық имплантация технологиясының арқасында тіпті терең саңыраулық та үкім емес. Уақытылы жасалған медициналық араласу науқастарға қайта естіп, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді.