
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында өткен жылғы саланың даму қорытындылары шығарылып, ағымдағы жылға арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Іс-шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.
Айта кетсек, Алматы облысында тұрақты демографиялық өсім сақталуда. Ағымдағы жылдың басындағы мәліметке сәйкес өңір халқының саны 1,64 млн адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға артты. Өңір тұрғындарына медициналық көмекті 24 мемлекеттік және 76 жекеменшік медициналық ұйым көрсетеді.
Олардың құрамына фельдшерлік - акушерлік пункттерден бастап заманауи алғашқы медициналық - санитариялық көмек орталықтарына дейінгі 356 нысан кіреді.
Сондай-ақ, алқа отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
МӘМС-пен қамтылған халық саны тұрақты өсуде: соңғы айларда ғана динамикалық бақылауда тұрған пациенттер саны 12 мың адамға артты. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында алғаш рет жергілікті бюджет есебінен көмек қарастырылып, бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.
Денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуеті де нығаюда. Бүгінде облыста шамамен үш мың дәрігер және тоғыз мыңға жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. Бір жыл ішінде кадр тапшылығы екі еседен астам қысқартылды. Өткен жылы 183 жас маман жұмысқа қабылданып, тапшы мамандықтар бойынша 58 білім беру гранты бөлінді. Медицина қызметкерлері Германия, Ресей және Беларусьтің жетекші клиникаларында біліктілігін арттырып, тағылымдамадан өтуде.
Негізгі медициналық - демографиялық көрсеткіштер бойынша да айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылы жалпы өлім-жітім деңгейі 1,5%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім 3,3%-ға, онкологиялық аурулардан 4,9%-ға төмендеді, ал туберкулезден болатын өлім екі есеге азайды. Ана мен баланы қорғау қызметінің жүйелі жұмысының нәтижесінде нәресте өлімі де төмендегені ерекше атап өтілді.
Алғашқы медициналық - санитариялық көмекті дамыту басым бағыт болып қала береді. Скринингтік бағдарламалармен халықтың 98,3%-ы қамтылған, жылжымалы медициналық кешендер белсенді пайдаланылуда, созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау кеңейтілуде.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" бағдарламасы аясында облыста 38 жаңа медициналық нысан салынды, 13 блокты-модульдік пункт орнатылды, 6 ұйымға күрделі жөндеу жүргізілді. Медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде: МРТ, ангиограф, жылжымалы маммограф, онкологиялық көмек пен реанимацияға арналған жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 93%-ға жетті.
Жедел медициналық жәрдем қызметі де нығайтылуда: өткен жылы өңірге 10 жаңа автокөлік жеткізілді, тағы 90 көлік лизинг арқылы алынды. Автопаркті жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттердің қатарында медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, цифрлық жоспарлауды енгізу, сондай-ақ тіркеудегі бұрмалаушылықтар мен қосарланған қаржыландыруды болдырмау мәселелері белгіленді.
Бүгінде Алматы облысының денсаулық сақтау саласы–жүйелі тәсілге негізделген, заманауи инфрақұрылымы мен білікті кадрлары бар сала. Бұл өңірдің әрбір тұрғынына қолжетімді, сапалы және қауіпсіз медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.