
Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу кезінде министр еліміздегі денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан негізгі бағыттар туралы ақпарат берді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа дейін ұзарған. Халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Сонымен қатар, 50 жастан асқан ер адамдар арасында ми қан айналымы бұзылыстарын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг түрі енгізілуде. Бұл бастама инсульттің алдын алуға, уақтылы хирургиялық араласу жүргізуге және пациенттердің өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Кезектілікті азайту мақсатында емханаларда дәрігердің кейбір функциялары мейіргерлерге берілді, сондай-ақ дәрігерге алдын ала қашықтан жазылу жүйесі енгізілді. Министр Алматы облысында бала өлімі 20 пайызға төмендегенін, бұл жүзеге асырылып жатқан реформалардың оң нәтижесін көрсететінін атап өтті.
Азаматтарды жеке қабылдау барысында өңірге қажетті мамандарды тарту бағытында Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Жас мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы беріліп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды.
Дәрі- дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында келесі жылдан бастап дәрі-дәрмек қорын 20 пайызға арттыру, сондай-ақ алғаш рет есепке алынған науқастар үшін қосымша 10 пайыз көлемінде дәрілік препараттар сатып алу жоспарланып отырғаны жеткізілді.
Жеке қабылдау барысында азаматтар сирек кездесетін аурулары бар тұлғаларға көмек көрсету, мүгедектік рәсімдеу мәселелері, жеке клиникалардағы КТ қызметінің қолжетімділігі, сондай-ақ онкологиялық ауруға шалдыққан балалар бойынша бірыңғай регистр құру жөнінде ұсыныстар білдірді.
Министр көтерілген барлық ұсыныстардың келесі жылдың жоспарын қабылдау кезінде тиісті деңгейде қарастырылатынын және ескерілетінін айтты.