
Алматы облысында алғаш рет бариатриялық-метаболикалық ота жасалды. Аймақ үшін маңызды бұл жоғары технологиялық хирургиялық ем-шара Іле орталық аудандық ауруханасында өткізілді.
Отаны медицина ғылымдарының докторы, Семіздік пен қант диабеті хирургиясы орталығының жетекшісі, профессор Орал Базарбайұлы Оспановтың қатысуымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ операцияны Іле аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Аңсат Нұрмолдаұлы Таубалдиев және хирург Әділхан Бақбергенұлы Карипбаев жүргізді.
Бариатриялық-метаболикалық операция — семіздікті және онымен байланысты ауруларды (әсіресе 2 типті қант диабетін) емдеуге арналған хирургиялық әдістердің жалпы атауы. Бұл операциялардың негізгі мақсаты салмақты тұрақты түрде азайту және зат алмасуды жақсарту болып табылады.
«Мұндай оталардың аудандық деңгейдегі ауруханаларда жасалуы — халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам. Бұл пациенттерге тиімді әрі заманауи емді тұрғылықты жерінде алуға мүмкіндік береді. Іле аудандық ауруханасының кәсіби дайындығы мен заманауи хирургия бағыттарын дамытуға деген талпынысын ерекше атап өткім келеді»,- деді Орал Базарбайұлы.
Айта кету керек, медициналық қызмет толықтай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетілді. Бұл пациентке қажетті және уақытылы жоғары білікті медициналық көмекті ешқандай қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік берді.