SDU University студенттері АИТВ жайлы ашық талқылап, мифтерді бұзды

SDU University студенттері АИТВ жайлы ашық талқылап, мифтерді бұзды

2025 жылдың 13 қарашасында Қаскелең қаласындағы SDU университетінде «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен ерекше акция өтті.

Іс-шара дәстүрлі семинар форматында емес, «ВИЧеринка» түрінде, яғни жастарға арналған интерактивті, ашық атмосферада ұйымдастырылды. Кездесуге 50 шақты студент қатысып, ерекше қызығушылықпен мамандарға тікелей сұрақтарын қойды.

Науқан Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы, «Доверия плюс» қоғамдық қоры және «Teenergizer» қозғалысы мамандары мен бірлесіп ұйымдастырылды. Басты мақсат - жастардың АИТВ инфекциясы туралы білім деңгейін көтеру және қоғамдағы жаңсақ пікірлерді жою.

Алматы облыстық ЖИТС орталығының инфекционист дәрігері С. Махмутова студенттердің сұрақтарына жауап беріп, АИТВ туралы ең көп тараған қате түсініктерді жоққа шығарды.

«Доверия плюс» ҚҚ-ның  кеңесшісі С. Кабжалелов, АИТВ-мен ашық өмір сүріп жүрген адам ретінде, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол диагноздан кейінгі өмірі туралы қолдаудың, хабардарлықтың және әлеуметтік қабылдаудың маңыздылығы жайлы айтты.

«Teenergizer» ұйымының резиденті Т. Молдағали АИТВ туралы ең маңызды деректермен бөлісіп, кең тараған мифтерді жоққа шығарды.

Іс-шараның интерактивті бөлігінде студенттер АИТВ туралы сұрақтардан құралған 15 сұрақтық Kahoot онлайн-викторинасына қатысты. Жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.

Студенттер мамандарға ашық әңгіме мен пайдалы ақпарат үшін алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулер қорқынышты сейілтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйрететінін атап өтті.

Осындай науқандар Алматы облысының барлық өңірлерінде тұрақты түрде өткізіліп, жастар арасында АИТВ тақырыбына деген толерантты және саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.