Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы жыл сайын аудандық алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жанындағы жастар денсаулық орталықтары мамандарымен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері мен мектеп медбикелерімен дөңгелек үстелдер өткізеді. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Биыл АИТВ тақырыбымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жөнінде де кеңінен ақпарат берілді.
2025 жылғы 10 қазанда Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу жұмысы бөлімінің мамандары Қонаев қаласындағы жастар денсаулық орталығының маманымен және білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерімен бірлесе отырып, Қонаев қалалық көпсалалы колледж студенттерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шара барысында қатысушылардың білім деңгейін анықтау мақсатында семинарға дейін және кейін тест сұрақтары ұсынылды. Кездесуде АИТВ туралы ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмірінен нақты мысалдар келтірілді, сондай-ақ ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы Алматы облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берілді.
Мамандар АИТВ мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың берілу жолдары мен қауіп факторлары, сондай-ақ жұқпайтын жағдайлар туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Жастар денсаулық орталығының маманы Н. Жанұзақова репродуктивті денсаулық тақырыбында баяндама жасады.
Кездесу барысында 98-ден астам студент қамтылып, олардың 28-і АИТВ-ға жедел тестілеуден өтті.
Мұндай іс-шаралар жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген саналы көзқарасын қалыптастырып, АИТВ туралы білім деңгейін арттыруға, сондай-ақ осы тақырыпқа қатысты мифтер мен теріс түсініктерді жоюға ықпал етеді.