2025 жылғы 27 маусымда Алматы облысы әкімдігінің «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Сүлейменов Ержан Әбілхасымұлы күрделі жөндеуден өтуі тиіс ғимаратты аралау мақсатында жұмыс сапарымен аймақты аралады. Бұл нысан Алматы облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес, шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын «ЖИТС-нің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы» балансына берілген болатын. Ол «Каусар» оңалту орталығының әкімшілік ғимаратының бір бөлігі болып табылады.
Сапар барысында нысанның техникалық жағдайына баға беріліп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары бойынша ұсыныстар қаралды, сондай-ақ жобаны қаржыландыру көздері мен мерзімдері талқыланды. Медициналық қызметтердің сапалы әрі қауіпсіз көрсетілуін қамтамасыз ету үшін үй-жайлардың санитариялық талаптарға сәйкестігіне ерекше көңіл бөлінді.
Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды жеделдету және жөндеу жұмыстарының кезеңдерін келісу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары қорытындыланып, өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бойынша алдағы іс-қимылдар айқындалды.