Алматы облысының дәрігерлері Ресейдің жетекші университеттерінде біліктілігін арттыруда

Алматы облысының дәрігерлері Ресейдің жетекші университеттерінде біліктілігін арттыруда

Асқазан-ішек жолдарының ағзаларында жасалатын лапароскопиялық операциялар – бұл іш қабырғасында үлкен тілік жасамай, шағын тесіктер арқылы жүзеге асырылатын аз инвазиялық хирургиялық араласулар. Мұндай әдіс арқылы асқазан-ішек ауруларын диагностикадан өткізіп, емдеуге болады. Бұл – тіндердің зақымдануын азайтып, науқастың операциядан кейінгі ауырсынуын төмендетіп, тезірек сауығуына мүмкіндік береді.

Осы бағытта біліктілікті арттыру мақсатында Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігерлері – Қизатов Айдос Талапович пен Шкуралиев Тахир Закирович – қазіргі уақытта И.П. Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінде екі апталық оқудан өтуде. Бірқатар операцияларды медицина ғылымдарының докторы, хирургия кафедрасының меңгерушісі, 30 жылға жуық тәжірибесі бар хирург Андрей Юрьевич Корольков жетекшілік етіп жүргізуде.

Айдос Талаповичтің айтуынша, лапароскопиялық операциялардың науқас үшін тиімділігі айқын болғанымен, техникалық жағынан алғанда бұл әдістер дәстүрлі операцияларға қарағанда әлдеқайда күрделі дайындық пен мол тәжірибені талап етеді:
«Оқыту барысында бізді ашық және лапароскопиялық операциялардың барлық түрлеріне белсенді түрде қатыстыруда. Негізгі назар лапароскопиялық хирургияға аударылып отыр. Бұл – тіндердің жарақаттануын азайтып, ауырсыну синдромын төмендететін және науқастың оңалу уақытын қысқартатын аз инвазиялық әдіс. Операциялар лапароскопиялық стойка арқылы ішке кішкентай тесіктер жасау арқылы жүргізіледі», – дейді ол.

Тахир Закирович Шкуралиев өз сөзінде оқудың мазмұнына кеңінен тоқталды:
«Біз қазірдің өзінде бірнеше күрделі операцияларға қатыстық: лапароскопиялық гастрэктомия – асқазанды алып тастау, сол жақ колэктомия – тоқ ішектің сол бөлігін алу, сондай-ақ лапароскопиялық әдіспен жасалған шап жарығы операциялары. Сонымен қатар біз бауырдың сол жақ бөлігін алып тастау – гемигепатэктомия операциясына қатыстық. Бұл – техникалық жағынан ең күрделі операциялардың бірі, бірақ заманауи аз инвазиялық хирургия тұрғысынан алғанда өте маңызды әрі көрнекті тәжірибе. Жалпы, оқыту барысында аз инвазиялық әдістерді меңгеруге баса назар аударылуда, бұл қазіргі заманғы хирургиялық тәжірибе талаптарына толық сәйкес келеді».

Дәрігерлердің оқуын аяқтау келесі айдың басына жоспарланған.