Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!

Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда!

Алматы облысының медицина қызметкерлері ақ халатын спорттық киімге ауыстырып, дәстүрлі түрде маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жыл сайынғы спартакиадаға қатысты.

Жан-жақты жарыстар Қарасай ауданының «Нұр-Аман» спорт кешенінде өтті. Қатысушылар футзал, волейбол және үстел теннисі сынды кең таралған үш спорт түрі бойынша бақ сынасты.

Спартакиаданың салтанатты ашылуында медицина қызметкерлерінің денсаулығын нығайтудың, салауатты өмір салтын насихаттаудың, дене шынықтыру мен спортты дәріптеудің маңыздылығы ерекше аталып өтті.

– Медицина қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Олар күнделікті жоғары физикалық және психоэмоционалдық жүктемеге тап болады. Сондықтан денені шынықтырып, белсенді өмір салтын ұстану олар үшін өте маңызды. Жаттығудан кейін ағзада эндорфин – бақыт гормоны бөлініп, адам бойы сергіп, күйзелістен арылып, көңіл-күйі көтеріледі. Мұндай жарыстар кезінде әріптестеріміз жағымды эмоцияға бөленіп, қуат жинайды, – деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алимбек Тажеков. – Қызметкерлеріміздің белсенді қатысқаны, ұйымшылдығы мен жеңіске деген жігері үшін алғысымыз шексіз. Жыл сайынғы спартакиада медицина қызметкерлері арасында дене белсенділігінің маңызын арттырып қана қоймай, жалпы қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін береді. Азаматтар мен медицина қызметкерлері өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет.

Биылғы спорттық шараға облыстың әр түкпірінен 19 команда, 300-ден астам медицина қызметкері жиналды. Олардың қатарында дәрігерлер, медбикелер, емханалар мен жедел жәрдем орталығының, диспансерлер мен басқа да медициналық ұйымдардың техникалық қызметкерлері бар. Барлығы да денсаулықты нығайту мен ұжымдық рухты арттыру мақсатында жиналды.

Нәтижелер төмендегідей:

  • Үстел теннисі жарысында:

    • Ерлер арасында – Смағұлов Алтай (Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы),

    • Әйелдер арасында – Хаматай Лиза (Жамбыл аудандық орталық ауруханасы) жеңімпаз атанды.

  • Мини-футбол бойынша үздік команда – Облыстық онкологиялық диспансер.

  • Волейбол сайысында жеңіске – Шелек ауылдық ауруханасының командасы жетті.

Жалпыкомандалық есепте:
1 орын – Шелек ауылдық ауруханасы
2 орын – Аймақтық физиопульмонологиялық орталық
3 орын – Облыстық жедел жәрдем станциясы

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.