2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шие» фестиваліне Қазақстан, Мьянма, Ресей және Беларусь Республикаларының шығармашылық ұжымдары қатысты. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде Витебск облыстық депутаттар кеңесінің төрағасы Дмитрий Владимирович Демидов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Халықаралық мәдени шарада филармония құрамындағы «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі өнер көрсетіп, фестиваль қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.
Ал «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің жетекшісі Бегзат Ағиярұлы бастаған бишілер – Әсел Көбеген, Сынбат Өтегенова, Аяжан Досқанова және Әсел Серікбай ұлттық билердің көркем үлгілерін сахналап, фестивальдің қорытынды концертінде орындалған «Қара жорға» биімен жиналған көпшілікті ерекше тәнті етті.
Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның директоры Сәбит Әбдіхалықов халықаралық фестивальдің маңызына тоқталды:
«Бұл фестивальде әр мемлекет өзінің ұлттық мәдениеті мен өнерін таныстырады. Біз қазақтың қобыз өнерін және сонау 1980-жылдары мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылып, өзі атау берген «Алтынай» би ансамблін алып келдік. Осындай халықаралық өнер мерекелері тәжірибе алмасуға, кәсіби тұрғыдан шыңдалуға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы – қазақ халқының бай мәдениеті мен өнерін әлемге танытуға қызмет етеді. Біздің ұжымды үнемі қолдап келе жатқан Алматы облысының басшысы Марат Сұлтанғазиев пен мәдениет басқармасына алғыс білдіреміз» – деді ол.
Фестиваль барысында Минск қаласындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің кеңесшісі Рашид Равильұлы да арнайы қатысып, Алматы облысының өнерпаздарына қолдау білдірді.
Беларусь Республикасында өткен аталған халықаралық мәдени іс-шара жөніндегі ақпарат бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Жарияланған материалдардың сілтемелері төменде ұсынылады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-minsk/press/news/details/1264343?lang=kk