Алатау қаласында «Тіл – татулық тірегі» атты қалалық фестиваль өтті
2025 жылғы 16 мамырда Алатау қаласының №7 орта мектебінде Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты қалалық фестиваль өтті. Мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этносаралық татулықты нығайту және ұлт бірлігін арттыру.
Іс-шара киіз үймен әрленген алаңда басталды. Домбыраның күмбірі мен ұлттық бидің әсем өрнегімен қарсы алынған қонақтар фестивальдің рухын ерекше сезінді. Бірінші қабатта фольклорлық бұрыш ашылып, екінші қабатта оқушылардың тіл туралы шығармашылық жұмыстары мен көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты бөлімде мемлекеттік тілді насихаттауға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Қала әкімінің орынбасары Гүлбану Сейткенқызы Несіпбаеваның қатысуымен «Тіл майталманы», «Тілге жанашыр кәсіпкер», «Үздік оқытушы» және басқа да аталымдар бойынша алты адам марапат иегері атанды.
Фестиваль аясында түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде жүрекжарды өлең жолдарын арнап, ұлттық бірліктің үлгісін көрсетті. Шара соңында шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды.
Мемлекеттік тілді ұлықтаған бұл фестиваль – бірлік пен берекені ту еткен елдің рухани айнасына айналды.