Алматыда Жеңістің 80 жылдығына арналған экологиялық акция аясында барлық сегіз ауданда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясы ашылды. Бұл экоакция «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқан аясында ұйымдастырылды.
28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткен ҰОС ардагерлерінің Аллеясының салтанатты ашылуына шаһар басшысы Ерболат Досаев, соғыс ардагерлері, олардың отбасы мүшелері, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері және қоғам өкілдері қатысты.
«Мемлекет басшысы әскери шерудегі сөзінде: «Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек», – деп атап өтті. Біз бейбіт өмір сыйлаған жандарды ешқашан ұмытпауымыз қажет. Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыда бұл мерейтой ерекше форматта атап өтілуде: қаланың барлық ауданында бір мезетте ардагерлер аллеясы ашылды. Бұл жерлерді әр аудан тұрғыны біліп, барып, батырларымыздың рухына тағзым еткенін қалаймын. Алматыда бүгінде 21 соғыс ардагері тұрады – бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Біз соңғы екі жылда өмірден озған ардагерлерді де құрметпен еске аламыз. Барлығы 29 ағаш егілді. Бұл аллеялар болашақ ұрпақ – балалар, немере-шөберелер үшін батырлықты еске салып тұратын тірі ескерткішке айналады», – деді Ерболат Досаев.
Ардагерлердің туыстарымен бірге Алматы әкімі биіктігі 6 метр болатын жөке ағашы егілді. Әр ағаштың жанына ардагердің аты жазылған арнайы тақтайша орнатылды. Жөке –өміршеңдіктің, жад пен рухтың белгісі. Сол себепті оны соғыс ардагерлерінің құрметіне жиі отырғызады. Бұл келешекке бейбіт өмір сыйлаған жандардың құрметіне қойылған тірі ескерткіш. Ағаш отырғызу кезінде заманауи әдістер мен технологиялар қолданылды: ағашты тік ұстауға арналған қайың тіректер, сондай-ақ, тамыр арқылы суару жүйесі орнатылды.
Ардагерлердің ұрпақтары аллея ашып, Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің есімін есте сақтауға жағдай жасағаны үшін қала басшысына алғыс білдірді.
«Соғыс ардагерлерінің барлық ұрпағы атынан аталарымыздың, әкелеріміздің, аналарымыз бен әжелеріміздің жарқын бейнесін еске алып, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Жөке – ерекше ағаш. Ол рухтың мықтылығын, төзімділік пен адалдықты білдіреді. Бұл көне әрі асыл символ бізге болашақ ұрпақ үшін өмірін сарп еткен жандарды әрдайым еске салып тұрады. Хош иісті гүлі мен ұзақ жасайтын қасиеті бар жөке – батырларымыздың жүректе сақталатын ерлігі секілді, мәңгілік тірі естелікке айналады», – деді ҰОС ардагері Ольга Савенконың немересі Юлия Завадская.
Әрбір майдангердің отбасы ағаш егуге жан-тәнімен беріле кірісті.
«Осындай ауқымды іс-шараға қатысып отырғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Бүгін күн керемет, көңіл-күйіміз де сондай жақсы. Мұндай маңызды оқиғаны ұйымдастырғандарыңыз үшін барлық ардагердің отбасылары атынан алғыс айтқымыз келеді. Бұл ағаштар халқымыздың батырларын ұмытпауға мүмкіндік береді. Біз бұл жерге балаларымызды ертіп келіп, отырғызылған ағаштармен таныстырып, аталарының ерлігі туралы айтып отырамыз», – деді соғыс ардагері Василий Зинченконың қызы Людмила Зинченко.
«Бүгін күннің шуағы мен жылуы ерекше. Бұл тек біз үшін емес, барлық ардагердің отбасысы үшін маңызды сәт екенін сезіндік. Отырғызылған ағаштар бізге бейбітшілік сыйлаған батырларымыздың тірі ескерткішіне айналады. Міндетті түрде бұл жерге бала-шағамызбен келіп, олар да бұл ағаштды көріп, бабалары мен әжелерінің ерлігін ешқашан ұмытпайды», – деді соғыс ардагері Дарбала Жабатаеваның қызы Сәуле Қолымбаева.
«Биыл біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеміз. Осындай аллеяны қолға алып, жүзеге асырғаны үшін алғысымыз шексіз. Бұл жерге біздің ұрпағымыз келіп, бұл ағаштарды аталары отырғызғанын еске алады», – деді былтыр қазанда 100 жасқа толған ҰОС ардагері Қамбар Әмірұлы Сәрсенов.
Осы күні 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында биіктігі 6 метрлік 29 атаулы жөке ағашы отырғызылды. Жалпы, ҰОС ардагерлерге арналған ашық аллеяларда 200 жөке егілді.