"Бір сағат ерте келіп алдым. 9:00-ден бастап осында отырмын. Көп балалы ана ретінде 2005 жылдан бері пәтер кезегінде тұрдым. Осы үйді күткеніме 15 жыл болды. Міне, 74 жасқа келгенде маған осындай баспана бақыты бұйырыпты. Қуанышымда шек жоқ. Әлі сене алар емеспін. Барлығыңа рахмет", – дейді алматылық Айнагүл Еркешова.
Пәтер кілтін алуға келген тұрғындардың арасында өзінің эмоциясын жасыра алмай, ерекше сезіммен әңгіме айтып отырған жас келіншекке жақындадық. Өзін Салтанат деп таныстырған жас ана бұл пәтерді 2014 жылдан бері күтіп жүр екен.
"Бұл пәтерді күткенімізге 10 жыл болыпты. Енді біздің өзіміздің ас бөлмеміз, өзіміздің кір жуатын машинамыз, телевизорымыз болады. Дәл қазір жүрегім жарылардай қуанып тұрмын, кілт алғанда жылап та қалуым мүмкін", - дейді ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы қаладағы коммуналдық тұрғын үй қорынан 2000 жалдамалы пәтер бөлінген болатын. Бірінші жартыжылдықта Наурызбай мен Медеу аудандарында 1080 отбасы жалдамалы тұрғын үйден пәтер иеленді. Қараша айында тағы 920 алматылыққа кілт табысталып, олар Наурызбай ауданындағы жаңа пәтерлерге қоныстанады.
Мәселен, 1 қарашада пәтер кезегінде тұрған – 201 тұрғынға, 5 қарашада – 200 тұрғынға, 7 қарашада 175 қала тұрғынына пәтер кілттері табысталды. Ал бүгін 15 қарашада әлеуметтік осал топқа жататын 124 алматылық қоныс тойын тойлағалы отыр.