2023 жылы Алматыда 334 ауқымды концерт өтіп, оларға 1,6 миллионнан астам адам келген. Қала алаңдарында, стадиондарда және ареналарда Қазақстанның белгілі артистері ғана емес, әлемдік деңгейдегі жұлдыздар да өнер көрсетті. Олардың қатарында 50 Cent, Akon, Lara Fabian, Ne-Yo, Таркан, Outlandish, Arash және басқа да көптеген орындаушылар бар. Өткізілген іс-шаралардың 86% коммерциялық жобалар, оларды жеке компаниялар ұйымдастырған.
«Расында, 2023 жыл мәдени іс-шараларға толы болды, қаламызға көптеген танымал артист келді. Қорытындылап айтсақ, Алматыда 47 концерт шетелдік әншілердің қатысуымен өтсе, 287 концертке еліміздің өнер адамдары қатысқан. Сондай-ақ өткен жылы ауқымды халықаралық фестивальдар өткіздік. Жалпы біздің әрбір іс-шарамыз жеке брендке айналып келеді десек артық айтпаймыз. Қала әкімі міндеттеген тапсырмалар аясында мәдени астанамызда өткізілетін шаралар ең алдымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызықты болып, туризмді дамытуға оң ықпал етуі керек», – деді Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Айта кетейік, 2023 жылы 19 жылдық үзілістен кейін «Азия Дауысы» халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Іс-шара аясында отандық орындаушылар да, әлемдік деңгейдегі шетелдік артистер де үш күн бойы өнер көрсетті. Фестиваль хедлайнері әйгілі американдық The Black Eyed Peas тобы болды. Сонымен қатар, былтыр The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өтті. Одан бөлек Алматыда «Наурыз фест», «Алматы, люблю тебя», «Туған күніңмен, Алматы», «Сағындым Алматымды» және «Зимний Новогодний фестиваль» сында фестивальдар өтті.
«Мегаполисте ауқымды іс-шараларды өткізу экономикалық тұрғыда да оң әсер етеді. Бұл жаңа уақытша жұмыс орындарын құру, қаламызға туристерді тарту, қонақ үй бизнесін, мейрамханалар мен жергілікті бизнесті дамыту сынды бағыттарда жұмыстың жандануына да ықпал етеді. Ең бастысы, жас артистерге белгілі жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігі туады, бұл олардың аудиториясын кеңейтуге, өнерін ұштауға септігін тигізеді. Біз барлық артистер мен іс-шараларды ұйымдастырушыларға 2023 жылы бірлесіп жұмыс атқарғаны үшін алғыс айтамыз және көрермендер үшін 2024 жылға арналған мазмұнды мәдени бағдарламалар дайындап жатырмыз», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Өткен жылы мәдениет басқармасы ұйымдастырған фестивальдар, көрмелер мен концерттер негізінен Open air форматында өтті және орталық алаңдарды ғана емес, қаладағы әр ауданды қамтыды. Осылайша, қала тұрғындары үшін концерттерге тегін бару мүмкіндігі қосымша жасалды.