Алматы әкімдігінде Сурдлимпиада жүлдегерлеріне тұрғын үй алуға арналған сертификаттар табысталды

Алматы әкімдігінде Сурдлимпиада жүлдегерлеріне тұрғын үй алуға арналған сертификаттар табысталды

Алматыда 24-ші Сурдлимпиада медаль иегерлері марапатталды.
Еркін күрестен 1-орын алған Хайратаан Шонкуға қала әкімдігі үш бөлмелі пәтерге тұрғын үй сертификатын табыс етті. Грек-рим күресінен Сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асылжан Тәжиев пен дзюдодан күміс жүлдегер және командалық есепте қола жүлдегер Нұрмұхаммед Әлдибек 2 бөлмелі пәтерге сертификат алды. Дзюдодан құрама сапында және командалық есепте қола медаль жеңіп алған Әсел Мақсұтова, Шаяхмет Қанапиянова, Ермек Жәнібекұлы, Асхат Адамбаевқа 1 бөлмелі пәтерге сертификаттар табысталды. Жеңіл атлетикадан Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Рауан Бейсебайға 1 бөлмелі пәтерге сертификат берілді.
Естеріңізге сала кетейік, 1-15 мамыр аралығында Кашиас-ду-Сул қаласында (Бразилия) XXIV Сурдлимпиада ойындары өтті, оған әлемнің 73 елінен 2500 спортшы қатысты. Медальдық есепте Қазақстан 13 орынға ие болып, 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 2 күміс және 7 қола жүлде бар. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 57 спортшы өнер көрсетті, оның 12-сі Алматы қаласы спорт басқармасының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған "Алматы" спорт клубының спортшылары, олар спорттың 5 түрінен (дзюдо, грек-рим және еркін күрес, жүзу, жеңіл атлетика) жарысты.