Алматыда республикалық құсбегілер турнирі өтті

Алматыда республикалық құсбегілер турнирі өтті

Алматы ипподромында «Қыран-2022» турнирі «Құсбегі» ұлттық спорт түрінің финалдық ойындарымен аяқталды.

Ұлттық спорт ұлықталған іс-шарада 100-ден астам адам бақ сынасты, оның 55-і бүркіт, 14-і сұңқар, 11-і қаршыға және 20-сы құмай тазыны аң аңлауға қосты.

Жарыстың бірінші күні қазылар алқасы құсбегілердің ұлттық киімдерін, сауыт-сайманын және аң аулайтын құстарға арналған керек-жарақтарын бағалады, сонымен бірге бүркітті (500 метрден) қолға қондыру мен шырғаға салу жарыстары өтті. Екінші күні бүркітпен қоян ұстау және тазылардың іріктеу сайысы өтті. Жарыстың соңғы күні қыранды, қаршығаны және сұңқар, ителгі қоянға салумен аяқталды.

Дәстүрлі сайыс төрт номинация бойынша ұйымдастырылды. «Бүркіт» номинациясы бойынша бірінші орынды Астана қаласының тұрғыны Диас Күнтуған алды. «Сұңқар» номинациясын қарағандылық Таңат Оспанқұлов иеленді. Алматы облысының тұрғыны Айдар Бекмұхамбет «Қаршыға» номинациясында жеңіске жетті. Төртінші «Тазы» номинациясында бірінші орын алматылық Сұлтансері Есентаевқа бұйырды.

Барлық жеңімпаз ақшалай сертификат, кубок және арнайы жасалған белбеу алды. Турнирдің жалпы жүлде қоры шамамен 3 миллион теңге.