Алматыда фонтандар кезеңмен іске қосылады

Алматыда фонтандар кезеңмен іске қосылады

25 мамырға дейін қаладағы 60 коммуналдық фонтандарды іске қосу жоспарланған. Қазіргі кезде оның 16-сы іске қосылған. Жалпы, Алматыда 128 фонтан бар, оның 63-і қала меншігінде, ал 65-і жекенменшікте. Фонтандар сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Соңғы бес жыл ішінде 13 жаңа фонтан салынды. Алайда қаладағы фонтандардың басым көпшілігі 60-80-жылдары салынған. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары оларды техникалық жағынан дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Фонтандарды жөндеу, санитарлық тазарту мен тазалау жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.

Қазіргі кезде ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы жанындағы және ҚБТУ ғимаратының артында орналасқан «Северный» саябағындағы фонтандарға жөндеу жұмыстары жүріп  жатыр. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры алдындағы фонтанның орталық тостағандарын ауыстыру әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Әрбір фонтанда қауіпсіздікті сақтау мақсатында шомылуға болмайтыны туралы тақтайшалар орнатылған. Өйткені олардың конструкцияларының ішінде электр, суасты жарықтандыру құрылғылары, суасты сорғылар мен т.б. жабдықтар бар.