Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Алматыда 1 млн теңгеден бөлінеді

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Алматыда 1 млн теңгеден бөлінеді

Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XVIII сессиясы өтті, онда депутаттар Алматы қаласы әкімдігінің әр соғыс ардагеріне 1 млн теңге көлемінде төлем бөлу туралы ұсынысын қолдады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуде мегаполис әкімі Ерболат Досаев ардагерлерді материалдық қолдау бастамасын ұсынған болатын.

Жеңіс Күні құрметіне:

⮚ Ұлы Отан соғысының 75 қатысушысы мен мүгедектері 1 млн. теңгеден біржолғы төлем алады.

⮚ Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтар, ҰОС майдангерлерінің жесірлеріне, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарында қаза тапқан азаматтардың отбасыларына, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, яғни 4544 адам 100 мың теңгеден төлем алады.

10 мыңнан астам азаматқа, оның ішінде еңбек майданына қатысушыларға 50 мың теңгеден төлемдер жоспарланған.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында санаторлық-курорттық емделу үшін өтемдер қарастырылған мұқтаж азаматтар санаттарының тізбесі кеңейтілді. Төлемдер мереке күндеріне дейін жүргізіледі.

Бұдан бөлек, депутаттар Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту Жоспарының жобасын қабылдады.

Жоспар шеңберінде «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін метрополитеннің 5.2 км ұзындығымен бірінші желісінің үшінші кезегін салу, Саин көшесі мен Мөңке би (Ақын Сара) көшесінің қиылысында көлік жолайрығын салу көзделген.

Сонымен қатар, қаланың 8 шағын ауданында ұзындығы 140.4 км жол салу жоспарланған, олардың қатарында Шапағат, Боралдай, Теректі, Рахат-Мәдениет, Шұғыла, Ақжар, Маяк, Мәдениет шағын аудандары бар. Ұзындығы 39.7 км болатын 10 магистралды көшені тесу (тесіп ұзарту) жүзеге асырылады.

Жалпы жоспарға сәйкес, әкімдік тарапынан жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2025 жылға дейін 86% - дан 95% - ға дейін арттыру жоспарлануда.