Б. Сағынтаев Алматыны сел мен өрттен қорғау шаралары туралы айтты

Б. Сағынтаев Алматыны сел мен өрттен қорғау шаралары туралы айтты

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфир кезінде сел ағыстары мен өрт болған кезде қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.


Мамандардың ұсыныстарына сәйкес таулы аудандарда сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі модернизациялануда. Бұл климаттың өзгеруіне, селдің әсеріне ұшыраған аумақтар шекараларының кеңеюіне, сонымен қатар сел құбылыстары туралы жаңа білімдердің жинақталуына, селден қорғау құрылымдарының тиімділігіне, жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты.

Қала маңында 45 моренді көл бар, оның 15-і тұрақсыз деп саналады, ал 8-і өте қауіпті, мұнда жыл сайын оларды босату үшін превентивті жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ, Аюсай және Ақсай шатқалдарында 2023 жылға дейін аяқтаулы тиіс екі сел бөгетінің құрылысы басталды. Бөгеттердің құрылысы 40 мыңнан астам халықтың және инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Селге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде заманауи техникалық құралдар қолданылады. Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүруде.

Жоба аясында «Қазселденқорғауда» және ТЖД-де автоматтандырылған жұмыс орындары бар 31 станция салынуда. 2019 жылы 10 станция іске қосылды, қалған 21 станцияны биыл іске қосу жоспарлануда.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалада қажетті инфрақұрылымды құру бойынша шаралар қабылдануда. Соңғы 5 жылда 58 бірлік автокөлік сатып алынды. Ағымдағы жылы қосымша 40 бірлік сатып алу жоспарланып отыр, бұл өрт сөндіру машиналары паркінің жабдықталуын 52%-дан 65%-ға дейін арттырады.

Қаланың өсіп келе жатқан аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы толық ауқымды және тиімді жұмыс жасау үшін 18 депо салу қажет. Қазірдің өзінде үш өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр, Алатау және Наурызбай аудандарындағы екі депоның құрылысы аяқталып қалды.