Алматыда жыл басынан бері 987,9 км арық желілері тазартылды

Алматыда жыл басынан бері 987,9 км арық желілері тазартылды

Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Ерлан Әлібеков су тасқыны кезеңіне дайындық туралы айтты.


Су тасқыны жағдайын болдырмау мақсатында жедел режимде су тасқынына қарсы жұмыстар кешені жүзеге асырылуда. Ерлан Әлібековтың айтуынша, қалада арық желілері мен арық өткелдерін қайта құру және тазарту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

«Биыл қыстың басынан бері 987,9 км арық желілері мен 30 км өзен арналары тазартылды», - деп атап өтті Ерлан Әлібеков.

Бұған дейін, өткен жылдың күзінде су тасқынына дайындық аясында 400 км-ден астам арық желілері мен 10 км-ге жуық өзен арналары ҚТҚ-дан, жабайы бұталардан және құлаған жапырақтардан тазартылды.

Жалпы соңғы бес жылда қалада 497 км арық желісі салынды, 40 км астам өзен арналары тұрақтанды және жағалау нығайтылды, бұл шаралар ықтимал су басатын учаскелердің санын 3,5 есе азайтуға мүмкіндік берді.

Ерлан Әлібеков ағымдағы жылдың 4-5 наурызында «Көктем-2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланғанын, оның шеңберінде Алматы қаласының барлық сегіз ауданының аумағында өзен арналарының және су өткізу құрылыстарының проблемалық учаскелерін тазарту бойынша практикалық жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.