
Әуезов ауданында биыл инженерлік желі салу бойынша екі үлкен жоба аяқталды. Достық шағын ауданы мен Сайын, Шаляпин, Яссауи мен Жандосов көшесінің арасындағы кварталдың шамамен 6 мың тұрғыны орталықтанған қалалық коммуникациялармен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев мәлімдеді.
Достық шағын ауданында 15,7 шақырым инженерлік желінің құрылысы аяқталды. Оның ішінде 14,6 шақырым кәріз бен 1,1 шақырым су құбыры желісі бар. Жаңа желілер 800 үйді қамтиды, онда 3,5 мың адам тұрады.
Сайын, Шаляпин, Яссауи мен Жандосов көшесінің арасындағы кварталдың екінші кезегінде 24,8 шақырым желі тартылды. Оның 12,4 шақырымы кәріз бен 12,4 шақырымы су құбыры желісі. Жоба 500 жеке тұрғын үйді қамтиды, онда 2,5 мың адам тұрады.
«Жалпы алғанда, бұл аумақтардағы шамамен 6 мың тұрғын орталықтандырылған қалалық коммуникациямен қамтамасыз етіледі. Бұл – инженерлік желі салатын аяқталған жобалардың нәтижесі», – деді әкім.
Сонымен қатар ауданда қолданыстағы коммуналдық желілер жаңартылып жатыр. «Алматы Су» желісі бойынша №8, №10 шағын ауданда, Тастақ-1, Сайран шағын ауданында, сондай-ақ Сайын көшесінде 2,5 шақырым кәріз желісін реконструкциялау аяқталды.
«Алматинские тепловые сети» ЖШС желісі бойынша Мамыр-1, Мамыр-3, Тауғұл-1, Ақсай-2 мен Ақсай-4 шағын ауданында, Сайын көшесі мен Райымбек даңғылында 2,1 шақырым жылу желісі реконструкцияланды.
«Қазір №1 шағын ауданда 5,3 шақырым су құбыры желісі мен №5, Ақсай-4 жпен Жетісу-2 шағын аудандарында 600 метр жылу желісін реконструкциялап жатыр. Бұл жұмысты биыл 15 қазанға дейін аяқтамақ. Реконструкция су мен жылумен жабдықтау желісін де қамтиды», – деді аудан әкімі.
Сыртқы жарықтандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Биыл 35 шақырым кабель желісі қалпына келтіріліп, 234 жарықтандыру тірегі орнатылып, 1 859 шам ауыстырылды.
«2026 жылдың соңына дейін тағы 8 шақырым кабель желісін қалпына келтіру, 35 жарықтандыру тірегін орнату мен 474 шамды ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмысқа бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 900 млн теңгені құрайды. Сыртқы жарықтандыруға қатысты жұмыс әлі біткен жоқ», – деді Абзал Егембердиев.