
Қала күніне орай Алматыда 19-20 қыркүйекте Панфилов және Жібек жолы жүргіншілер көшелері бойында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ауқымды Alma Qala Fest фестивалі өтеді. Мәдени іс-шара бағдарламасы Алматының тарихы мен заманауи келбетін таныстыруға, ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, шығармашылық индустрияны қолдауға және қала тұрғындарына түрлі форматтағы демалыс ұсынуға бағытталған.
Фестиваль аумағында бірнеше тақырыптық аймақ жұмыс істейді. Келушілер мәдениет, өнер, спорт, экология, цифрлық технология, гастрономия және балаларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламаларына қатыса алады.
Фестивальдің негізгі бөліктерінің бірі – алма шаруашылықтарының жәрмеңкесі. Оған Алматы өңірінің 50 алма шаруашылығы қатысып, 200 тоннадан астам түрлі сорттағы алма ұсынады. Панфилов пен Қазыбек би көшелері маңындағы алаңда келушілер отандық өндірушілердің өнімдерімен танысып, алманың алуан түрінен дәм тата алады.
«Алматы» көрме аймағында қаланың тарихын, сәулетін, табиғатын және өзіндік болмысын бейнелейтін картиналар көрмесі ұйымдастырылады. Ал Елшіліктер аллеясында қатысушы елдердің мәдениеті мен дәстүрі таныстырылады. Көрме барысында ұлттық өнер, қолөнер бұйымдары, дәстүрлі мәдени құндылықтар мен түрлі елдердің ерекшеліктері ұсынылады.
Фестивальдің заманауи аймақтарының бірі – Digital Zone. Мұнда цифрлық технология мен интерактивті жобалар ұсынылып, Алматы тарихына арналған AI технология негізіндегі ақпараттық-танымдық инсталляциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар келушілер арқан тартыс, садақ ату және басқа да интерактивті ойындарға қатыса алады.
Eco Zone экологиялық бастамалар мен жобаларды таныстыруға арналса, Ethno Zone ұлттық мәдениет, дәстүр мен қолөнерді насихаттайды. Этноаймақта қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп, келушілер үшін түрлі шебердің сабақтары ұйымдастырылады.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін Sport Zone жұмыс істейді. Мұнда спорттық ойындар, эстафеталар және ұлттық ойындар өткізіледі. Балаларға арналған арнайы аймақта кішкентай қонақтар үшін түрлі ойындар, аниматорлар, батуттар, аквагрим, сабын көпіршіктері шоуы, азот шоуы және басқа да ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Фестиваль қонақтары үшін Алматының гастрономиялық әлеуетін таныстыратын 25 қалалық мейрамхана қатысатын арнайы аймақ та жұмыс істейді.
Киносүйер қауым үшін арнайы кино аймағы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында «Жас емес жұбайлар», «Мәди in China», «Сыныптас», «Қолымнан ұста», «Заман Back», «Мафия» және қазақ киносының алтын қорына енген фильмдер көрсетіледі. Сонымен қатар көрермендер «Заман Back» және «Фамилия» фильмдерінің актерлерімен арнайы кездесулерге қатыса алады.
Фестивальдің музыкалық және шығармашылық бағдарламасы бірнеше сахнада өтеді. Бас сахнада (Астана алаңы) ФЭА «Отырар сазы», MuzartLIFE, Райым Уайыс, «Әдемі ай» дуэті, Құдайберген Бекіш және Еркебұлан Құмаров өнер көрсетеді. Кіші сахна №1-де (Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы сахна) Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Ақерке Амалят, Нұрмұхаммед Жақып, «Хазар» тобы, Даро және Венера Алпысбаева өнер көрсетеді. Ал Кіші сахна №2-де (Жібек жолы көшесі) Live band Rockn rolla өнер көрсетіп, иммерсивті қуыршақ театрының қойылымы ұсынылады. Сондай-ақ «Астра» тобы, Нұрдәулет Карлов, Әлем Құсайынова және Азамат Төрехан өнер көрсетеді.
Атаулы мерекелік іс-шараларға байланысты Төле би және Қазыбек би көшелерінің Абылай хан даңғылы мен Назарбаев даңғылы аралығындағы учаскелері 17 қыркүйек сағат 15:00-ден 21 қыркүйек сағат 03:00-ге дейін уақытша жабылады.