
Алматыда метро мен қала жолдарының құрылыс қарқыны артады
Алматыда метро, жол және қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасады
Алматының бюджетін нақтылау барысында көлік инфрақұрылымын дамытуға жеке бағыт қарастырылған. Бұл туралы мәслихат отырысында Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді.
2026 жылдың соңына дейін «Қалқаман» метро бекетін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл «Қалқаман» бекетінен «Барлық» бекетіне дейінгі метро желісінің құрылысы басталды.
Метро желісін одан әрі кеңейту үшін «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейінгі екінші желінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
Жол инфрақұрылымы саласында Рысқұлов даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту құрылысы, Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін және Райымбек даңғылын Шығыс айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жұмыстары жалғасады.
Жыл соңына дейін Ақжар және Теректі шағынаудандарындағы жол құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ «Батыс қақпа» полиорталығында жолдар мен инженерлік коммуникациялардың құрылысы жалғасады.
Қоғамдық көлікті, оның ішінде автобус тасымалдары мен метрополитенді субсидиялауға да қосымша қаражат қарастырылған.
Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, бюджетті қазіргі нақтылау ең алдымен қаланың басты мәселелерін шешуге және басталған жобаларды аяқтауға бағытталған.