
Алматыдағы жаңа эко-хаб жастарды «Таза Қазақстан» қағидаттары төңірегіне біріктіреді
Алматының Жетісу ауданында «Жетісу-2» жастар комьюнити орталығының базасында жаңа эко-хаб ашылды. Бұл қаладағы осындай үшінші экологиялық кеңістік.
Эко-хаб «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Eco Almaty» ЖШС-нің қолдауымен құрылды. Мұнда қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу мәдениетін дамыту, ағартушылық іс-шаралар өткізу және жастардың экологиялық бастамасын қолдау жоспарланған.
«Таза Қазақстан» – бір реттік акция немесе тек сенбілік өткізумен шектелетін бастама емес. Біз әр адамның қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды күнделікті әдетке айналдырғанын қалаймыз. Жаңа эко-хаб жастарға экологиялық бастамасын жүзеге асыруға, жаңа идея ұсынуға және нақты іс-әрекет арқылы қаламыздың тазалығына үлес қосуға мүмкіндік береді. Таза қала әрқайсымыздың жүйелі іс-әрекетімізден басталады», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Эко-хаб аумағында қалдықтарды бөлек жинауға арналған 10 арнайы контейнер орнатылды. Аудан тұрғындары мен жастар пластик, алюминий, қағаз және қайта өңдеуге жарамды басқа да материалдарды тапсыра алады.
Кеңістік қайталама шикізат қабылдайтын пункт ретінде ғана жұмыс істемейді. Мұнда шебердің сабақтарын, кездесу, экологиялық акция және басқа да іс-шаралар өткізу, сондай-ақ экобелсенділер мен еріктілерді біріктіру жоспарланған.
Ашылу барысында қатысушыларға эко-хабтың жұмысы және эко-трактың көмегімен пластик қалдықтарды қайта өңдеу үдерісі көрсетілді. Сондай-ақ қайта өңделген материалдардан жасалған тұрмыстық және сәндік бұйымдар көрмесі ұсынылды.
Сонымен қатар ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановтың қатысуымен «Таза Қазақстан – бір күндік акция емес» атты ашық диалог алаңы өтті. Қатысушылар экологиялық жауапкершілік, қалдықтарды сұрыптау мәдениеті және жастардың экологиялық жобаларға қатысу мәселесін талқылады.
Бүгінде Алматыда 18 мыңнан астам адамды қамтыған 98-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Қалалық ауқымды сенбіліктерге 3,6 мыңнан астам алматылық жас қатысты.
Жаңа эко-хаб экологиялық бастамалар, ағартушылық іс-шаралар және қалдықтарды бөлек жинау үшін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналады.