Алматының Инвестштабы 210,3 млрд теңгенің 12 жобасын қарады

Алматының Инвестштабы 210,3 млрд теңгенің 12 жобасын қарады

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың XV отырысы өтті. Жиында жалпы құны 210,3 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жоба қаралды. Олар жүзеге асқан кезде шамамен 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Қаралған жобалардың қатарында құрылыс материалдарын шығаратын индустриялық парк, ауыз су мен сусындар, кондитерлік және санитарлық-гигиеналық өнімдер өндіретін өндірістік кешендер, сондай-ақ цифрлық және интерактивті жабдықтар өндірісін жергіліктендіру бар.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларға да ерекше назар аударылды. Олардың қатарында 5 мың орындық KAZNU GRAD студенттік кампусы, K-Medical корейлік үлгісі бойынша салынатын 200 орындық көпбейінді смарт-аурухана және 600 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп бар.

Сондай-ақ, туризм және қонақ үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар қаралды. Атап айтқанда, халықаралық Tempo by Hilton брендімен қонақ үйі бар көпфункционалды кешен, тау бөктеріндегі қонақ үй кешені және экотуризмді дамытуға арналған демалыс аймағын құру жоспарланып отыр.

Жиын соңында әкімдіктің тиісті басқармаларына инвесторлардың мәселелерін жедел пысықтау тапсырылды. Оның ішінде жер телімдеріне, инфрақұрылымға, жердің нысаналы мақсатын өзгертуге және рұқсат беру рәсімдеріне қатысты мәселелер бар.