
Алматыда жастар мен студенттерді, еріктілерді, белсенді тұрғындар мен 100-ге жуық қалалық қауымдастықты бір алаңға жинаған City Makers: JASTAR QALASY фестивалі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға қала өміріне белсенді араласуға, қабілетін дамытуға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жобалармен таныстыру.
Биыл фестивальде студенттерге, әсіресе бірінші курсқа енді қабылданған және Алматыға еліміздің басқа өңірлерінен келген жастарға ерекше көңіл бөлінді. Олар жаңа орта тауып, пікірлес адамдармен танысып, оқудан тыс қызығушылықтарына сай қауымдастықтарға қосылып, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алды.
Қатысушылар экология, технология, білім беру, креативті экономика, әлеуметтік қолдау, спорт, кәсіпкерлік және қалалық орта салаларындағы бастамасын таныстырды. Фестивальдің негізінде «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп» қағидаттарымен үндес жауапты азаматтық, жасампаздық және белсенді қатысу құндылықтары жатыр.
Бостандық ауданындағы «Оңтүстік» саябағы қалалық қауымдастықтардың үлкен алаңына айналды. Фестивальге 5 мыңға жуық адам қатысты. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өткізіліп, жастарды қаланы дамыту идеясы төңірегінде біріктіруге бағытталды.
Сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін тақырыптық алаң жұмыс істеп, дәріс, шебердің сабақтары, қойылым және интерактивті белсенділіктер өтті. Сондай-ақ, жергілікті брендтер мен қолөнершілер жәрмеңкесі, фуд-аймақ және қалалық квест ұйымдастырылды.
«Бүгінде қаланың дамуы туралы жай ғана айту жеткіліксіз, тұрғындардың өзіне осы үдеріске қатысуға мүмкіндік беру маңызды. Алматыда экология, білім беру, технология, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлік және қалалық ортаны дамыту бағыттарында жұмыс істейтін көптеген белсенді қауымдастық бар. City Makers оларды ортақ мақсат – Алматыны одан әрі жақсарту төңірегінде біріктіреді. Өз қаласына осындай жауапкершілікпен қарау «Адал азамат», «Таза Қазақстан» құндылықтары мен «Заң және тәртіп» қағидатын айқын көрсетеді. Адам шет қалмай, өзгерісті өзінен және айналасынан бастағанда, қала да өзгереді», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Фестиваль алты бағытқа бөлінді: «Болашақ қаласы», «Білім және мансап», «Креативті экономика», «Экология», «Қамқорлық және қолдау», «Туризм және Алматы».
Фестивальге Qazaq IT Community, Women in Tech Kazakhstan, TechnoWomen, ENACTUS Kazakhstan, Almaty Creative, Impact Hub Almaty, Almaty Walking Tour, Almaty Museum, ARTBAT FEST, Almaty Marathon, Алматының жоғары оқу орындары және басқа да ұйымдар қатысты. City Makers: JASTAR QALASY қалалық бастамалар мен жастарды байланыстыратын, тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік орнатуға және бірлескен жобалар бастауға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналды.