Сегіз алтын және бірінші орын: Алматы IV Спартакиадада көш бастады

Сегіз алтын және бірінші орын: Алматы IV Спартакиадада көш бастады

Алматыда есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы аясындағы жеңіл атлетика жарыстары аяқталды. Үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша Алматы құрамасы 8 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты.

Жарыс 10-12 тамыз аралығында өтті. Алматы спортшылары 1256 ұпай жинады. 1064 ұпаймен Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы екінші, 903 ұпай жинаған Ақмола облысының командасы үшінші орынға ие болды.

Алматы құрамасының ең нәтижелі спортшыларының қатарында Рауан Бейсебай мен Нұрсұлтан Күлдеев бар. Рауан Бейсебай 110 және 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден, сондай-ақ сырықпен секіруден үш алтын медаль жеңіп алды. Нұрсұлтан Күлдеев те үш рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, диск лақтыру, онсайыс және найза лақтырудан жеңімпаз атанды.

Команда қоржынына тағы бір алтын медальді 10 шақырымға спорттық жүрісте жеңіске жеткен Қуаныш Темірбаев салды. Андрей Набоков балға лақтырудан жеңімпаз атанып, сондай-ақ найза лақтыру мен ядро итеруден күміс медаль иеленді.

Елена Пономарева балға лақтырудан күміс, найза лақтырудан қола жүлдегер атанды. Гүлзат Желеубай диск лақтыру мен жетісайыстан екі күміс медаль жеңіп алды.

Спартакиаданың күміс жүлдегерлері қатарында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Айша Ержанқызы, биіктікке секіруден Роман Бадулин, балға лақтырудан Антон Степанов және 10 000 метрге жүгіруден Несіпжан Марат бар.

Қола жүлделерді биіктікке секіруден Даниил Клюев, спорттық жүрістен Лиза Мұхамедқалиева және жетісайыстан Інжу Сағатбек иеленді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының IV Спартакиадасы жалғасып жатыр. 10-15 тамыз аралығында Алматыда жүзуден жарыстар өтуде. 17-25 тамыз аралығында Орал қаласында шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, еркін және грек-рим күресінен жарыстар өтеді.