
Алматыда жастарға арналған ALMA LOVE фестивалі аясында ұлттық ойындардан YOUTH NOMAD фестивалі өтті. Іс-шара 10 тамызда FLOW Park аумағында ұйымдастырылып, оған 500-ден астам жас алматылық пен қала тұрғыны қатысты.
Қатысушылар асық ату, арқан тарту және басқа да ұлттық ойында бақ сынап, ептілігін, күшін және командалық рухын көрсетті. Фестиваль жастар арасында дәстүрлі ойын мен ұлттық құндылықты дәріптеуге бағытталды.
«Бүгінде ұлттық дәстүрді тек кітаптар немесе аға буынның әңгімелері арқылы ғана сақтаудың қажеті жоқ. Мұндай іс-шаралар бізге өзіміз қатысып, жарысып, араласуға және осы арқылы мәдениетімізді жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Әсіресе, ұлттық ойындардың заманауи форматта ұсынылып, жастардың басын қосқаны қызықты», — деді фестивальге қатысушылардың бірі.
Жұмыс істейтін жастарға да ерекше көңіл бөлінді. Жас мамандар үшін фестиваль қарым-қатынас орнатуға, команда болып жұмыс істеуге және уақытты бірге өткізуге мүмкіндік беретін алаңға айналды.
YOUTH NOMAD фестивалі Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған ALMA LOVE аясында өтті. Фестиваль Алматы жастарына арналған түрлі спорттық, мәдени және қоғамдық жобаларды біріктіреді.